№ 1 перинаталды орталықта айына мыңға жуық ана босанады

Астана қалалық № 1 перинаталды орталығы Бас дәрігерінің орынбасары Ербол Аубакиров оталық жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.


Бүгінде елімізде демографиялық өсім байқалуда. Халық өсімі – мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан да демографиялық ахуалды тұрақты зерттеп отыру болашақ үшін өте маңызды. Осыған сай елімізде заман талабына лайықты перинаталды орталықтар санын арттыру жүзеге асып жатыр. Қазіргі күнде Астана қаласында үш перинаталды орталық бар және барлығы заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған.


Астана қаласы әкімдігіне қарасты № 1 перинаталды орталығы еліміз бойынша босандыру, акушерлік және гинекологиялық көмек көрсететін ең үлкен орталықтардың бірі. Орталықтың қабылдау бөліміне күніне 70-ке таяу жүкті әйел қаралады. Соның 50-ден астамы қабылданып, қалғаны өзге орталықтарға жіберіледі немесе кеңес беріліп үйлеріне қайтарылады. Ал орталықта жылына шамамен 12 мыңға таяу ана босанады.


«Былтыр орталығымызда 11 300 ана босанған, ал биыл тоғыз айда 8100 ана босанды. Орталықта орташа есеппен күніне 28-30 сәби дүниеге келеді, ал ең максималды көрсеткіш осы жылғы жаздың басында тіркелді, онда бір тәулікте 54 нәресте дүниеге келді», — дейді Астана қалалық № 1 перинаталды орталығы Бас дәрігерінің орынбасары Ербол Аубакиров.


Оның айтуынша, босанып жатқан келіншектердің ішінде тек 5 пайызының денсаулығы жүктілік кезінде де, босанғаннан кейінде еш патологиясыз болады, ал қалған 95 %-ның денсаулығында бала кезден немесе жасөспірім кезден басталған созылмалы ауру түрлері, жүкті болған соң анықталатын ауру түрлері жиі кездеседі екен.


«Жүкті әйелдің және құрсағындағы шарананың денсаулығы жіті бақылауда, мысалы, біздің орталыққа күніне 50-ден астам жүкті әйел қабылданса, соның 20-25-і өз күшімен босанады, 8-9 келіншекке кесарь тілігі жасалады, ал қалғандары жүкті әйелдер патологиясына жатқызылып ем-домын алады», — дейді дәрігер.


Мысалы, № 1 перинаталды орталық моно қалаларда орналасқан орталықтардың бір жылда орындайтын жүктемесін бір айда орындайды.


Астана тұрғындарының саны жыл сайын емес, тіпті күн сайын өсуде. Халық саны артқан сайын емханаларға, ауруханаларға, перинаталды орталықтарға түсер салмақ арта бермек.